Қыркүйек айының басынан басталып, еліміздің барлық өңірлерінде, әр мекемеде өзінше аталып өтілген тіл мерекесі ай соңына қарай қортындыланды. Ана тіліміздің қадыр – қасиетін арттыратын, қазақ жерін мекендеген халықтардың татулығын күшейтіп, ынтымақта өмір сүруіне ықпал ететін дәл осындай мерекелердің орны ерекше. Қиын уақыттың болғанына қарамай, көңілінің кеңдігімен құшағын жайып қарсы алған қазақ халқы осы күнге дейін ешбір ұлтты шетке итерген емес. 22 қыркүйек қазақ тілінің заңмен мемлекеттік тіл ретінде қабылданған күні болғанымен, біз қазақ жерін мекендеген бүкіл ұлттардың тілін бірге тойлаймыз. Тату –тәтті өміріміздің бір белгісі осы шығар. Осы құндылықтарды шәкірт бойына сіңіру үшін де тілдер мерекесін мектептердің қабырғасында атап өтудің маңыздығы зор. Сол мақсатты алға қоя отырып, лицеймізде тілдер апталығының аясында «Тіл мен дәстүр сабақтастығы» атты сынып аралық сайыс өтті. Елімізді мекендеген ұлттарға деген сыйластықты, олардың тіліне, салт – дәстүріне деген құрметті көздеген бұл сайыстың оқушылар жадында ұзақ сақталатындығына күмәніміз жоқ. Қай ұлт берілгеніне қарамастан, сол елдің бір бөлшегіндей берілген тапсырманы толық орындауға тырысып, ең бастысы бар ынтасымен сол тілде сөйледі қыздар. Әнін орындап, биін билеп, салт - дәстүрін түсіндіріп, ұлттық тағамдарын пісіріп, сол тілде өлең оқыған қыздарымыз шынында сол елдің өкіліндей көрінді.